«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2022 жылғы 3-6 мамыр күндері Қ. Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадасын Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында өткізді.

Олимпиада мақсаты – Қазақстан Республикасының дарынды оқушыларын анықтау, дамыту және қолдау көрсету болып табылады.

Олимпиадаға Қазақстанның барлық облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан 207 оқушы қатысты. Павлодар облысынан 13 оқушы бақ сынасты.

Сайыс екі кезеңнен тұрды: эссе жазу және ауызша тапсырма. Қатысушылар Қанипа Бітібаеваның өмірбаянын, ғылыми-педагогикалық және шығармашылық еңбектерін білуде өзара жарысты.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. Олимпиада қорытындысы бойынша облыс оқушылары үш 2-ші орынды, екі 3-ші орынды иеленді.

ІІ дәрежелі дипломды Ы.Алтынсарин ат. гимназия-интернатының   11-сынып оқушысы Дәуренбекұлы Рамазан; «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 9, 10-сынып оқушылары Абигерова Дамиля және Қабылбек Арай иеленді.

ІІІ дәрежелі диплом иегерлері «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің 11-сынып оқушысы Кабиденова Нурия,  Павлодар қ. №2 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Дюсембаева Томирис.

Қол жеткізген ерекше жетістіктері үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамотасымен Ақсу қ. дарынды балаларға арналған гимназиясының 11-сынып оқушысы Жанибек Жансая және Қ. Бітібаеваның туыстары тағайындаған ақшалай сыйақымен Ақсу қ. дарынды балаларға арналған гимназиясының 9-сынып оқушысы Каиржанова Аида марапатталды.

Іс-шара барысында олимпиада қатысушылары Шығыс Қазақстан өнер мұражайына барды. Командалар жетекшілеріне семинар ұйымдастырылды, онда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, ғалымның туған әпкесі – Бақытгүл Омарғалиқызы Бітібаева және К. Бітібаева атындағы зертхана басшысы Меруерт Қозықанқызы Мұқашева «Қанипатанудың» өзекті мәселелерімен бөлісті.

Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы

Similar Posts