2022 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының II кезеңі басталады. 27-29 сәуір аралығында (үш күнде) I кезеңнің бес мың финалисті тестілеуден өтті.

«Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан қабілетті ауыл оқушыларын анықтап келеді. «Мың бала» — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін академиялық қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауыл оқушылары үшін білім беру саласындағы баспалдаққа айналды.

Олимпиадаға қатысу шарттарының бірі қатысушылар соңғы екі оқу жылында Қазақстан Республикасының ауыл мектептерінде білім алуы тиіс.

Олимпиадаға қатысу үшін оқушыларға 2022 жылдың 19 ақпаны мен 20 наурыз аралығында онлайн-платформада тіркелу қажет болды.
Облыс бойынша барлығы 3119 өтінім тіркелген, оның ішінде 1598 — 5 сынып оқушылары, 1521 – 6 сынып оқушылары.

Олимпиада 2 кезеңде өтті. Олимпиаданың бірінші кезеңі 5 сәуірде онлайн форматта арнайы әзірленген  платформада өткізілді. Бірінші кезеңде қатысушылар онлайн режимінде логикалық және кеңістіктік ойлау бойынша кешенді тестілеуден өтті. Тестілеу нәтижесі бойынша олимпиаданың ІІ кезеңіне 183 қатысушы өтті.

Павлодар облысында 2022 жылғы 29 сәірде Павлодар, Екібастұз қалаларының Ustudy базасында өткізілген «Мың бала» Ұлттық олимпиаданың қорытынды кезеңіне 172 оқушы қатысты, оның ішінде бесінші сынып оқушысы – 100, алтыншы сынып оқушысы – 72.

Екінші кезеңде балалар компьютерлік тестілеуден өтті, оған бөлімдер бойынша оқушылардың академиялық білімін  бағалау кірді: «Математикалық сауаттылық»; «Қазақ тілі», қазақ тілінде білім алатын оқушылар үшін; «Орыс тілі», орыс тілінде білім алатын оқушылар үшін; «Ағылшын тілі»; «Жаратылыстану».

Қорытынды кезеңінің барлық қатысушыларына сертификат табысталды.

Олимпиаданың жеңімпазы атанған республика бойынша 1000 оқушының тізімі екінші кезең өткен мерзімнен бастап 14 күннен кейін жарияланады.

Олимпиада жеңімпаздары квота бойынша дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне: Республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне оқуға түсуге мүмкіндік алады.

 

 «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Ж.Абаильдинова

Similar Posts