Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы 2024 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Абай облысының білім басқармасымен бірлесіп, ағымдағы жылдың 10-13 маусым аралығында Семей қаласы мен Абай ауданында «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінде жалпы білім беру үйымдардың 8-11 сынып оқушылары арасында ХХV мерейтойлық республикалық Абай оқуларын өткізді.
Республикалық шараға 21 команда құрамында 130 оқушы қатысты.
Абай оқуларының негізгі мақсаты мен міндеттері: қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиетті оқуға қызығушылығын арттыру, Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғамы мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына сүйіспеншілікті тәрбиелеу.
Шара барысында Қараауылдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді, оқушылар және олардың жетекшілеріне Бөрлідегі М. Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат ұйымдастырылды. Сонымен қоса, оқушылар «Еңлік — Кебек» ескерткіші басында «Абай мен Тоғжанның кездесуі» театрландырылған көріністі тамашалады.
Абай оқулары 6 бағыт бойынша өтті: «Өлең – сөздің патшасы…» – Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу; «Абайдың қара сөздері» – ақынның қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқу; «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай, Мағауия Абайұлдарының шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу; «Көңілім әнді ұғады» – Абай мен Шәкәрімнің өлеңдері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – жас ақындар сайысы; «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» – Абай туралы көркем шығармаларында ақын бейнесінің көрінуіне талдау жасай білу.
Павлодар облысынан республикалық додаға өңірлік байқаудың жеңімпаздары қатысты: облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Хамитова Меруерт; Ақсу қ. Ю.Гагарин атындағы ЖОББМ 9-сынып оқушысы Тіленіш Еркебұлан; Павлодар қ. №17 ЖОББМ 11-сынып оқушысы Петрова Полина; Ақсу қ. Қызылжар ЖОББМ 10-сынып оқушысы Сәрсенбеков Санжар; Екібастұз қ. Бесқауға ЖОББМ 10-сынып оқушысы Бисенбекова Сабина; Павлодар қ. Мәшһүр Жүсіп атындағы ЖОББМ 11-сынып оқушысы Қайыргелді Ерасыл.
Республикалық байқау қорытындысы бойынша «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағытында І дәрежелі дипломға Ақсу қ. Ю.Гагарин атындағы ЖОББМ 9-сынып оқушысы Тіленіш Еркебұлан ие болды (мұғалімі Ақтасов А.К.); «Көңілім әнді ұғады» бағытында ІІ дәрежелі диплом иегері – Павлодар қ. №17 ЖОББМ 11-сынып оқушысы Петрова Полина (мұғалімі Асайинова М.Д.); «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бағытында Екібастұз қ. Бесқауға ЖОББМ 10-сынып оқушысы Бисенбекова Сабина арнайы жүлдемен марапатталды; Ақсу қ. Қызылжар ЖОББМ 10-сынып оқушысы Сәрсенбеков Санжарға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасы табысталды.
«Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО-ның шығармашылық даму
және қосымша формалар бөлімі