Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы 2023 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Абай облысының білім басқармасымен бірлесіп, ағымдағы жылдын 8-11 тамыз аралығында «Абай және Шәкәрім» мемориалдық кешенінде жалпы білім беру үйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында ХХІV республикалық Абай оқуларын өткізді.
Республикалық шараға 21 команда құрамында 131 оқушы қатысты.
Абай оқуларының негізгі мақсаты мен міндеттері: қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиетті оқуға қызығушылығын арттыру, Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғамы мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына сүйіспеншілікті тәрбиелеу.
Шара барысында Қараауылдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді, оқушылар және олардың жетекшілеріне Бөрлідегі М. Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат ұйымдастырылды. Сонымен қоса, оқушылар «Еңлік — Кебек» ескерткіші басында «Абай мен Тоғжанның кездесуі» театрландырылған көріністі тамашалады.
Абай оқулары 6 бағыт бойынша өтті: «Өлең – сөздің патшасы…» – Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу; «Абайдың қара сөздері» – ақынның қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқу; «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай, Мағауия Абайұлдарының шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу; «Көңілім әнді ұғады» – Абай мен Шәкәрімнің өлеңдері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» – жас ақындар сайысы; «Ұлылар әлемі» – Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығы бойынша эссе жазу.
Павлодар облысынан республикалық додаға өңірлік байқаудың жеңімпаздары қатысты: Павлодар қ. Кенжекөл ЖОББМ 10-сынып оқушысы Амандықұлы Ернұр; Ы. Алтынсарин ат. дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Қазбек Ибраһим; Баянауыл ауданы М. Әуезов ат. ЖОББМ 8-сынып оқушысы Тулеубекова Динара; Екібастұз қ. №36 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Жүністай Темірлан; Аққулы ауданы А. Баймолдин ат. ЖОББМ 9-сынып оқушысы Маненова Адия; Май ауданы Жалтыр ЖОББМ 10-сынып оқушысы Өркен Айдана.
Республикалық байқау қорытындысында командалық біріншілікте оқушыларымыз ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды; «Абайдың қара сөздері» бағытында Жүністай Темірлан І дәрежелі дипломға ие болды; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бағытында Қазбек Ибраһим ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды; «Ұлылар әлемі» бағытында Өркен Айдана ІІІ дәрежелі дипломды иеленді; Тулеубекова Динараға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасы табысталды.
«Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО-ның шығармашылық даму
және қосымша формалар бөлімінің меңгерушісі Саламбекова Д.К.