Қазақстан Республикасында STEAM білім беруді дамытудың Жол картасы шеңберінде 2022 жылғы 25-27 ақпанда Алматы облысы Қаскелең қаласында Suleyman Demirel University негізінде робототехника бойынша «First Kazakhstan – 2022» халықаралық чемпионатының ұлттық финалы өтті. Бұл байқау нақты ғылымдарда, инженерияда дағдыларды дамытуға бағытталған және әлемнің 110-нан астам елінде өткізіледі. Шараның негізгі мақсаты: STEAM дағдыларын, сандық технологияларды тарату және танымал ету, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін және ғылыми-техникалық қызметке қызығушылығын дамыту. Қазақстандағы FIRST ұйымдастырушысы мен операторы – «USTEM Robotics» қоры. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 900 оқушы инновациялық жобаларды қорғап, инженерлік-техникалық дағдыларын көрсете білді. Павлодар облысынан байқауға Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының командасы қатысты. Команда құрамында 10 сынып оқушылары Әбелді Шафих, Марат Адалбек, Қанатұлы Даниял, Ермек Дарын, Серік Бексұлтан, Төкен Асылхан, 7 сынып оқушылары Әмірханов Бижан, Борамбай Әли болды (топ кураторы Ералин Айбат Мейрамбекұлы). «First Kazakhstan – 2022» ұлттық чемпионатының қорытындысы бойынша команда жоғары нәтиже көрсетіп, Красноярск қаласында (Ресей) өтетін робототехника бойынша Халықаралық чемпионатына қатысуға лицензияны жеңіп алды. «Биылғы байқаудың тақырыбы – «Жүк тасымалы». Тапсырмалардың бірі ретінде жергілікті мәселені шешетін инновациялық жоба құру қажет болды. Байқауға қатыса отырып, біздің оқушылар жоғары деңгейде болды, олар тек үздік зерттеу дағдыларын, командада жұмыс істей білу, өздерін және өз жұмыстарын таныстыру қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін де көрсетті және нәтижесінде конкурсты ұйымдастырушылар мәдени сәйкестілік үшін арнайы номинация тағайындады, ал іс-шараның демеушісі атынан «Шеврон» компаниясы біздің командаға 50 мың теңге көлемінде сыйлық табыс етті», – деді команда жетекшісі Айбат Ералин. Айта кету керек, «FIRST Robotics» байқауы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі оқушылар мен мұғалімдерге қатысуға ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді.

 

 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы

 

 

(Ж. Абаильдинова, 87074982294)

Similar Posts