Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2023 жылғы 4-5 мамыр күндері  Астана қаласында «Robotek Grand Tournament – 2023» республикалық чемпионатының  финалы өткізді. Чемпионатқа Қазақстанның барлық аймақтарынан, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 260 оқушы  қатысты. Павлодар облысы 14 оқушыдан тұратын 7 команда ұсынды.

Чемпионаттың мақсаты – робототехника, инженерлік ғылымдар және бағдарламалау саласындағы дарынды оқушыларды анықтау және қолдау. Техникалық білім беру мәселелеріне көпшілік пен мемлекеттің назарын аудару.

Чемпионат робототехника бойынша ең танымал 7 санат бойынша өтті: Робо-сумо, Кегельринг-квадро, Желі бойынша жарыс, Биатлон-кіші санат, Биатлон-жоғары санат, Эстафета, Лабиринт.

Жарыс жеңімпаздары «Дарын» РҒПО-ның I, II , III дәрежелі диплом, медальдарымен және Чемпионат демеушілерінің бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша Павлодар облысы  командалары 4 санатта жүлделі орындарға ие болды: ІІ дәрежелі дипломмен және 70 000 теңге сомасындағы сертификатпен  «Лабиринт» санатында – Павлодар қ. №25 8-сынып оқушылары Орынғазы Дидар және Мукин Абылай, «Робо-сумо» санатында – Баянауыл ауданы Ш. Шөкин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 4, 5-сынып оқушылары Хамзаева Томирис, Амантай Муслим; ІІІ дәрежелі дипломмен және 50 000 теңге сомасындағы сертификатпен «Эстафета» санатында – Баянауыл ауданынан  М.Ж Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 7, 9-сынып оқушылары Қазтаев Қазбек, Баян Қасиет; «Биатлон-кіші» санатында Баянауыл ауданынан М.Ж Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушылары Исабек Нұралы, Серік Нұрқанат марапаталды.

Командаларды дайындаған мектептерге «ROBOTEK.PRO» робототехника бойынша курстардың онлайн платформасына 3 айлық жазылым табысталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

 

 «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы

Similar Posts