«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелк орталығының жұмыс жоспарына сәйкес Павлодар қаласында 2024 жылғы 11-14 наурыз аралығында Х Аймақтық жас математиктер турнирі өткізілді.

Жас математиктер сайысы инновациялық технологиялар саласында дарынды тұлғаны дамыту үшін Аймақтық ынтымақтастық Меморандумы аясында әзірленген.

Турнирге барлығы 16 команда құрамында 7-8 сыныптарының 96 оқушысы қатысты. Өз командаларын Астана каласы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қарағанды, Алматы облыстары ұсынды. Павлодар облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған және жалпы орта білім беру мектептерінен 3 команда және Назарбаев Зияткерлік мектебінен 2 команда қатысты.

Қазылар алқасы құрамына Павлодар облысы математика пәні мұғалімдері қауымдастығының мүшелері, «Жалын» олимпиадалық резерв мектебінің жаттықтырушылары, команда жетекшілері кірді.

Ережеге сәйкес шара екі кезеңде өткізілді: бірінші – командалық олимпиада қатысушыларды екі лигаға бөлу мақсатында жазбаша түрде өтті; екінші кезеңде қатысушылар 3 күн бойы тапсырмаларды шешу жолында сайысты. Турнирдің негізгі бөлігі – математикалық жарыстарда күрделі тапсырмалардың шешімдерін қорғау.

Қызықты да қажырлы күрес нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей үлестірілді.

Бірінші лигада Гран-при және турнирдің Үлкен Кубогын Астана қаласының «JuniorPro» командасы иеленді; І орынды – Павлодар қаласының «Сигма» командасы; II орынды – Ақтөбе облысының «AQTOBE» командасы; III орынды – Астана қаласының «314 Oda» командасы; Құрмет грамотасын – «Skibidi dop» (Астана қаласы), «Білгірлер» (Қарағанды облысы), «Taraz BIL» (Жамбыл облысы) командалары.

Екінші лигада I орынға және турнирдің Кіші Кубогына Павлодар қаласының «Интеграл» командасы ие болды; ІІ орынға – Астана қаласының «ЗЕРДЕ» командасы; ІІІ орынға – Түркістан облысының «Мегамозг» командасы; Құрмет грамотасына – Павлодар қаласының «Т2» және «Альфа» командалары.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы

Similar Posts