Павлодар облысының жас таланттарына «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығы табыс етілді.  2024 жылғы 23 қазан күні Павлодар облысының әкімдігінде талантты және дарынды оқушыларға арналған «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысын табыстау рәсімі өтті. Бұл іс-шара төртінші жыл қатарынан өткізіліп, қоғамдық маңызы бар батыл әрекеттер жасап, түрлі салаларда ерекше қабілеттерін көрсеткен балаларды қолдауға бағытталған.

Шара Республика күні қарсаңында ұйымдастырылды. Салтанатты марапаттау рәсімі Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен өтті. Өңір басшысы оқушылармен сұхбаттасып, өзінің жетістіктері, балалық шағын, білім мен еңбекке деген құштарлығы туралы әңгімелеп, оқушыларға болашақта да үлкен мақсаттар қойып, соларға жету үшін табанды болуға кеңес берді. Сонымен қатар, ол жас таланттарды қолдау арқылы өңірдің әрі қарай дамып, өркендейтініне сенім білдірді.

— Сіздер – еңбек, білім арқылы мақсатқа жете білетін жас өреннің үлгісісіздер. Сіздер тек оқуда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп қана қоймай, қоғамдық өмірге де белсене қатысып, өз шеберліктеріңіз бен таланттарыңызды көрсетіп, ғылымда жетістіктерге жетудесіздер. Бұл – болашаққа қосқан үлкен үлес, сіздер өз достарыңызға үлгі болып отырсыздар. Бізге осындай жақсы үлгілерді насихаттау маңызды, сіздер – өсіп келе жатқан ұрпаққа бағыт-бағдар беретін жұлдызсыздар. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз! – деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл жоба аймақтағы үздік оқушылардың еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсетуге мүмкіндік берді. Оқушылар 5 түрлі номинация бойынша марапатталды: «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік» (ТжКБ ұйымдары үшін), «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік» және «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет». Жеңімпаздарды анықтау процесіне 700-ден астам өтінім қатысып, олардың ішінен 258 үміткер облыстық кезеңге өтті.

Жалпы саны 100 жеңімпаз анықталып, әрқайсысы 50 АЕК мөлшерінде (184600 теңге) «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысына ие болды.

Марапатталған балалардың жеңісі олардың білімге деген құштарлығы мен азаматтық белсенділігінің жемісі екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Фотосүреттер

 

 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

оқу-әдістемелік орталығы

Similar Posts