Қазақстанның қыздар құрамасы Еуропалық математикалық олимпиадада (EGMO) үшінші жыл қатарынан төрт бірдей медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Бұл жарқын жетістік еліміздің мықты математикалық мектебі бар мемлекет екенін тағы бір мәрте әлемге паш етті.
Қыздарға арналған Еуропалық математикалық олимпиада алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияның Кембридж қаласында өткен болатын. Қазақстан құрамасы бұл беделді білім бәйгесіне 2017 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында еліміздің дарынды қыздары 3 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль мен 4 құрмет грамотасын иеленді.
Бұл беделді халықаралық олимпиада Приштина қаласында (Косово) өтті. Олимпиадаға әлемнің 52 елінен 219 оқушы қыздар қатысты.
Биыл Қазақстан намысын төрт оқушы қорғады, олардың қатарында дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 10 сынып оқушысы Юлия Катунина. Олимпиада қорытындысы бойынша Юлия күміс медаль иегері атанды (мұғалімі- Стадникова Лилия Викторовна).


