Солтүстік Қазақстан облысының білім басқармасы 2025 жылғы 23-25 маусым аралығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «Алаш» қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабайұлына арналған республикалық «Мағжан оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауын өткізді.
Жарыстың алдында, яғни 23 маусым күні оқушылар мен әдебиетсүйер қауым үшін поэзия кеші ұйымдастырылып, жергілікті танымал ақындар мен үміткер жас таланттар өз туындыларын оқыды, кеш соңында қатысушылар жеребе тартты. Бұл кеш шығармашылық шабыттың, рухани үндестіктің алаңына айналды.
Үш күнге созылған тағылымды шара барысында қатысушылар тек байқау бағдарламасымен шектеліп қана қоймай, Мағжанның туған топырағына арнайы экскурсия жасап, Сарытомар ауылындағы ақын музейіне және Сасықкөл жағалауындағы оның кіндік қаны тамған ата қонысына барып, ақын рухына тағзым етті. Сонымен қатар, қатысушылар Мағжан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлттық поэзияға деген құрметтерін білдірді.
Байқау үш бағыт бойынша өткізілді: «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» – Мағжан шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу; «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» – ақын шығармашылығы бойынша ғылыми зерттеу жұмысын қорғау; «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» – жас ақындар сайысы.
Павлодар облысынан республикалық додаға өңірлік байқаудың Бас жүлде иегерлері қатысты: «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Әлібек Әли; Ақсу қаласы Ю. Гагарин ат. жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Тиленш Еркебулан; Екібастұз қаласы №5 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Жәңгір Нұрсана.
Республикалық байқау қорытындысы бойынша «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» жас ақындар бағытында Ақсу қаласы білім беру бөлімінің Ю. Гагарин ат. орта мектебінің 10-сынып оқушысы Тиленш Еркебулан ІІ дәрежелі орынға ие болып, барлық қатысушылардың арасынан қазылар алқасының арнайы жүлдесіне де лайық деп танылды.
«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығы