«Тәуелсіздік ұланы» жобасы Павлодар облысында бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан маңызды шара. Жобаның басты мақсаты – ғылым мен өнерде, спорт пен қоғамдық өмірде, түрлі салаларда ерекше қабілеттерімен көзге түскен, табысқа жеткен талантты және дарынды балаларды қолдау, олардың жетістіктерін ел алдында дәріптеу.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің үздік оқушыларымен кездесіп, жетістіктерімен мақтанатынын айтты.
«Біз сіздерді мақтан етеміз. Ел президенті жастарға, өскелең ұрпаққа әрқашанда үнемі сенім артып отырады. Сіздер біздің еліміздің болашағысыздар, өңіріміздің болашақтағы үміттердің іске асыратын азаматтарысыздар. Сондықтан сіздерге көп-көп рақмет», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл байқауға қатысуға 800-ден астам өтінім келіп түскен. Көпсатылы іріктеуден кейін қазылар алқасы 100 үздікті анықтап, олардың ішінен 56 үміткер «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі», «Кәсіби шеберлік», «Шығармашылық шеберлік», «Спорттық шеберлік», «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» сынды бес номинация бойынша облыстық деңгейдегі жеңімпаз атанды.
Шара қорытындысында әр жеңімпаз 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (196 600 теңге) ақшалай сыйақыға және арнайы төсбелгіге ие болды.



«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығы

