2025 жылғы 10 желтоқсанда Павлодар қаласы №2 жалпы орта білім беру мектебінде Республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтеді. Іс-шараны Павлодар облысы білім беру басқармасы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырады.

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының көрнекті ойшылы, философ-ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа туған жерге сүйіспеншілік пен азаматтық ұстаным қалыптастыру, оқушылардың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамыту.

Сайыс аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары 8–11 сынып оқушылары арасында бес бағыт бойынша өткізіледі: «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген…» (ақындар мүшәйрасы); «Бас болып өнер білсең…» (ғылыми жоба қорғау); «Білімді зерек адам болам!» – десең…» (эссе жазу); «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Хандар, батырлар» (тұлғалар туралы деректерді талдау); «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Би-шешендер, жырау-ақындар» (тұлғалар туралы деректерді талдау).

Бас жүлде иегерлері 2026 жылдың мамыр айында Павлодар облысының Екібастұз қаласында өтетін қорытынды республикалық кезеңге қатысады.