Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы 2026 жылғы 1–2 наурыз аралығында Астана қаласында «Ана тілі» республикалық интеллектуалды қазақ тілі олимпиадасының қорытынды республикалық кезеңін өткізді. Аталған іс-шара «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасындағы Меморандум аясында бірлесіп ұйымдастырылды.
Атап өту қажет, 2025 жылдың желтоқсан айында олимпиаданың іріктеу кезеңі өткен болатын. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үш команда республикалық кезеңге жолдама алып, Павлодар облысының намысын қорғады.
Олимпиаданың республикалық кезеңі үш турдан тұрды:
- «Пікірсайыс» – берілген тақырып аясында сөз жарыстыру және білім таластыру сайысы;
- «Тілшілер сайысы» – эссе, мазмұндама және тіл білімі бағыттарын қамтыған сайыс;
- «Білімпаздар» – ғылым мен білім тақырыбындағы сұрақтардан құралған викторина.
Олимпиаданың республикалық кезеңінің қорытындысы бойынша Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының командасы «Пікірсайыс» туры бойынша I орынды, сондай-ақ командалық есепте II орынды иеленді.
«БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» дарынды қыз балаларға арналған лицей-интернатының командасы және Екібастұз қаласының командасы командалық есепте III орындарға ие болды.
Сонымен қатар, Баршынбаев Мейіржан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті грантына, ал Темірбек Сара Ұлттық қыздар педагогикалық университеті грантына ие болды.
Бұл нәтиже өңірдегі дарынды оқушылармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың тиімділігін дәлелдейді.
Аталған олимпиада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруға және дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды республикалық деңгейдегі білім сайысы болып табылады.


