Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры тарапынан мемлекеттік тілді қолдау мақсатында «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты бірлесіп, 2026 жылғы 10 наурызда жалпы білім беру оқу орындарының 7-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңін өткізді.
«Жарқын болашақ» олимпиадасы мектеп оқушылары арасында мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауда маңызды рөл атқарады. Бүгін біз қазақ тіліне деген қызығушылықтың тек қазақ ұлтынан шыққан оқушылар арасында ғана емес, басқа ұлт өкілдері арасында да артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл бізді ерекше қуантады. Осындай зияткерлік жарыстар дарынды балаларды анықтауға, олардың білімге деген ұмтылысын қолдауға және еліміздің тілі мен мәдениетіне деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры өкілі.
Шараға жалпы білім беру және мамандандырылған мектептерінің 7-11 сыныптарынан 138 оқушы қатысты, оның ішінде 41 – өзге ұлт өкілдері.
Сайыс қорытындысы бойынша 67 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды: І орын – 9, ІІ орын – 21, ІІІ орын – 37.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің тізімі «Ертіс дарыны» орталығының ресми сайтында орналастырылған.
Облыстық кезең жеңімпаздары республикалық олимпиадаға қатысады.

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру
оқу-әдістемелік орталығы

