«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы 2026 жылғы 10 сәуірде Ғылым күні аясында М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Жаса, ойлап тап, байқап көр» атты оқушылардың жетістіктері көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде түрлі деңгейдегі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері өздерінің макеттері мен жобаларын ұсынса, жас робототехниктер өз өнертабыстарымен бөлісті. Іс-шараға барлығы 40-тан астам оқушы қатысты.

Педагогтер үшін «Қазіргі білім беру ортасындағы дарынды бала: дамыту технологиялары мен құралдары» атты облыстық ғылыми-практикалық семинар өткізілді. Семинар барысында қатысушылар дарынды және ынталы балаларды анықтау мен қолдаудың бірыңғай жүйесін дамыту мәселелерін талқылап, мектептегі дарынды балалармен жұмыс істеудің түйткілдері мен мүмкіндіктерін айқындады.

Семинар қорытындысы бойынша дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіруге септігін тигізетін нақты ұсынымдар берілді. Дәріскер ретінде Павлодар жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен «Ертіс дарыны» ӨҚБОУӘО қызметкерлері сөз сөйледі. Семинарға барлығы жүзден астам педагог қатысты.