Астана қаласында 2026 жылғы 13–15 мамыр аралығында 7–8 сынып оқушыларына арналған география пәнінен «Geo Star» Ұлттық олимпиадасы өтті.

Биылғы зияткерлік сайыс «Таза Қазақстан» акциясымен байланыстырылды. Акция аясында қатысушылар символикалық түрде 10 ағаш отырғызып, «Geo Star» аллеясының негізін қалады.

Олимпиаданың мақсаты — оқушылардың пәнді тереңдетіп оқуға деген қызығушылығын арттыру, географиялық білімдері мен дағдыларын, сондай-ақ зерттеушілік қызметін дамыту.

Олимпиада екі кезең бойынша өтті: теориялық және практикалық. Бірінші кезеңде қатысушылар физикалық, экономикалық және саяси география, экология және тұрақты даму бағыттары бойынша тапсырмалар орындаса, екінші кезеңде оқушылар далалық тапсырмаларды орындады.

Олимпиадаға республиканың 13 өңірінен 63 оқушы қатысты. Павлодар облысының намысын 4 қатысушыдан құралған құрама команда қорғады.

Олимпиада қорытындысы бойынша Павлодар облысының оқушылары 2 медаль жеңіп алды: күміс медаль – Қыстаубайұлы Мұстафа, Павлодар ауданы Заря жалпы орта білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы, қола медаль – Рябушев Давыд, Екібастұз қаласы №13 жалпы орта білім беру мектебінің 7-сынып оқушысы. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.