«Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаттарын облыс әкімінің марапаттау салтанатты рәсімі 2026 жылғы 21 қазанда Республика күні қарсаңында Павлодар облысы әкімдігінің ғимаратында өтті. Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты. Салтанатты жиынға облыстың қалалары мен аудандарының өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

«Тәуелсіздік ұланы» сыйлығы дарынды балаларды қолдау, олардың түрлі саладағы жетістіктерін мойындау және қоғам үшін маңызды істерін бағалау мақсатында тағайындалған. Алты жылдан бері табысталып келе жатқан бұл марапат жас ұрпақтың әлеуетін ашуға, оқушылар мен студенттерді жаңа белестерге ынталандыруға, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға зор үлес қосып келеді.

Байқауға қатысу үшін 700-ден астам өтінім келіп түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша 331 үміткер облыстық кезеңге жолдама алып, қазылар алқасы 100 лауреатты анықтады. Әрбір лауреатқа «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісі және 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі (216 250 теңге) біржолғы ақшалай сыйақы табысталды.

Жеңімпаздар бес номинация бойынша анықталды:

  • «Ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі»;
  • «Кәсіби шеберлік»;
  • «Шығармашылық шеберлік»;
  • «Спорттық шеберлік»;
  • «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет».

Марапат иегерлерінің қатарында ғылыми-зерттеу жұмыстарында, зияткерлік олимпиадаларда, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген оқушылар, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері бар. Олардың бұл жетістіктері – қажырлы еңбектің, мақсаткерліктің, сондай-ақ ұстаздар мен ата-аналардың көрсеткен қолдауының жемісі.

Салтанатты рәсімде батылдығымен, жанашырлығымен және өзгелерге көмек қолын созуға дайын екендігімен ерекшеленген жастарға айрықша назар аударылды. «Әлеуметтік маңызы бар және қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша Павлодар қаласындағы Ш. Шөкин атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Даниил Фрикин суға батып бара жатқан баланы құтқарғаны үшін марапатталды. Сондай-ақ Кенжекөл ауылы мектебінің оқушысы Альтаир Уйсумбаев суға батып бара жатқан адамды аман алып қалып, нағыз азаматтық ұстаным танытқаны үшін лауреат атанды.

Шара барысында облыс әкімі Асайын Байханов жас лауреаттарды лайықты марапаттарымен және келе жатқан Республика күнімен құттықтады. Ол дарынды балалар мен жастарды қолдау өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, олардың жетістіктері еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және білімге деген ұмтылыстың жарқын үлгісі екенін жеткізді.

«Тәуелсіздік ұланы» сыйлығы – жеке жетістіктерді бағалаумен қатар, жастарды одан әрі дамуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және қоғам өміріне белсенді араласуға жігерлендіретін маңызды қолдау тетігі. Бұл сыйлық иегерлері Қазақстанның болашағы білімді, бастамашыл әрі жауапты, туған өлкесі мен елінің өркендеуіне үлес қосуға әрдайым дайын жастардың қолында екенін паш етеді.

Фотосүреттер

 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша

білім  беру оқу-әдістемелік орталығы