Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың екінші (аудандық/ қалалық) кезеңі ағымдағы жылдың 30 қаңтарынан 3 ақпанына дейін өтеді.
Олимпиаданың мақсаттары мен міндеттері: шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі жүзеге асыруына жәрдемдесу, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, білім алушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау, Қазақстан Республикасында білім берудің беделін арттыру болып табылады.
Олимпиада 15 пән бойынша өткізіледі:
— жаратылыстану-математикалық бағыт — математика, физика, химия, биология, география, информатика;
— қоғамдық-гуманитарлық бағыт — қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі.
Олимпиаданың екінші аудандық кезеңі классикалық олимпиадалық тапсырмалар түрінде, өткізу кестесіне сәйкес, бір турда өткізілетін болады. Екінші (аудандық/қалалық) кезеңді ауданның (қаланың) білім бөлімдері аудандық немесе қалалық деңгейде өткізеді.
Академиялық адалдық пен қашықтықты сақтау мақсатында олимпиада «El Umiti цифрлық онлайн платформасы» ақпараттық жүйесінде веб-камера, фотофиксациямен прокторинг сервисін пайдалана отырып, әр минут сайын суретке түсіру арқылы электрондық форматта өткізілетін болады.
Павлодар облысы бойынша олимпиаданың аудандық кезеңіне 2737 оқушы қатысады, оның ішінде жаратылыстану-математикалық бағыт 1235 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыт 1502 оқушы қатысады. Олимпиада 13 тірек мектепте өтеді.